Ата-аналарға ақпарат
Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Қазақстан Республикасының Кодексі
12-тарау. АТА-АНА ҚҰҚЫҚТАРЫНАН АЙЫРУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ШЕКТЕУ
77-бап. Ата-ана құқықтарынан айырудың салдары
- Ата-ана құқықтарынан айыру баламен туыстық фактiсiне негiзделген барлық құқықтардан, оның iшiнде одан күтіп-бағу қаражатын алу, сондай-ақ балалары бар азаматтар үшiн белгiленген жеңiлдiктер мен мемлекеттiк жәрдемақыны алу құқықтарынан айрылуға әкеп соғады.
- Ата-ана құқықтарынан айыру ата-аналарды өз баласын күтіп-бағу мiндетiнен босатпайды, бұл міндет оны асырап алуға байланысты тоқтатылады.
- Бала мен ата-ана құқықтарынан айырылған ата-ананың одан әрi бiрге тұруы туралы мәселе сот тәртiбiмен шешiледi.
- Ата-анасы ата-ана құқықтарынан айырылған бала тұрғын жайға меншiк құқығын немесе тұрғын жайды пайдалану құқығын, сондай-ақ ата-аналарымен және басқа да туыстарымен туыстық фактiсiне негiзделген мүлiктiк құқықтарын, оның iшiнде мұра алу құқығын сақтайды.
- Баланы басқа ата-анаға беру мүмкiн болмаған кезде немесе ата-аналарының екеуi де ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда, бала қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқоршылығына берiледi.
- Егер бұл балаға теріс әсер етпесе, ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналардың өтініші бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган баламен жолығуға рұқсат етеді.
- Ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда бала асырап алуға соттың ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап алты ай өткен соң жол берiледi.
Ата-аналарының біреуі ата-ана құқықтарынан айырылған баланы асырап алуға екінші ата-анасының келісімімен жол беріледі.
80-бап. Ата-ана құқықтарын шектеудің салдары
- Сот ата-ана құқықтарын шектеген ата-аналар баланы жеке өзi тәрбиелеу құқығынан айрылады, ал осы Кодекстің 79-бабы 2-тармағының 2) тармақшасындакөзделген жағдайларда, балалары бар азаматтар үшiн белгiленген жеңiлдiктер мен мемлекеттiк жәрдемақы алу құқығынан да айрылады.
- Ата-ана құқықтарын шектеу ата-аналарды баланы күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттерден босатпайды.
- Өзiне қатысты ата-аналарының ата-ана құқықтары шектелген бала тұрғын жайға меншiк құқығын немесе тұрғын жайды пайдалану құқығын сақтайды, сондай-ақ ата-аналарымен және басқа да туыстарымен туыстық фактiсiне негiзделген мүлiктiк құқықтарын, оның iшiнде мұра алу құқығын сақтайды.
- Ата-аналарының екеуiнiң де ата-ана құқықтары шектелген жағдайда бала қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқорлығына берiледi.
- Егер бұл балаға теріс әсер етпесе, сот ата-ана құқықтарын шектеген ата-аналарға баламен қатынасуға рұқсат етеді. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның не қорғаншысының немесе қамқоршысының, баланың патронат тәрбиешiлерiнiң немесе бала тұрып жатқан ұйым әкiмшiлiгiнiң келiсiмiмен ата-аналардың баламен қатынасуына жол берiледi.